Accessibility links

"Шындықтан қашып құтылмайсың" акциясына 6 жыл толды. Авторларының бүгінгі өмірі қандай?


Алматы марафоны кезінде ілінген баннерде "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" деп жазылған. 2019 жылғы 21 сәуір.
Алматы марафоны кезінде ілінген баннерде "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" деп жазылған. 2019 жылғы 21 сәуір.

Алты жыл бұрын кезектен тыс президент сайлауының алдында Бейбарыс Толымбеков пен Әсия Төлесова Алматыдағы марафонда "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" акциясын өткізді. Сөйтіп екеуі де қамауға түсті. Бірақ бұл акция елдің ішінде де, сыртында да қолдау тауып, қазақ жастары саяси белсенділігінің символына айналды. Азаттық Азия редакциясы Әсия мен Бейбарыстың бүгінгі өмірімен танысты.

Қазақстанда 2019 жылдың көктемі ерекше болды. Елде кезектен тыс президент сайлауына дайындық жүріп жатты. Қазақстанның жаңа тарихында алғаш рет бұл сайлау Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуынсыз өтпек еді. Елді 30 жыл үздіксіз басқарған адам сайлауға түспеген соң, өзгеріс лебі сезілді.

21 сәуірдің таңында Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда кей көшелер бұғатталып, жыл сайынғы марафон өтті. Тамашалауға келгендер арасында жас белсенділер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков те болды. Олардың қолында "Шындықтан қашып құтылмайсың. Әділ сайлау үшін" деген жазуы бар плакат болды. Олар бұл сәтте осы тосын акцияның арты неге ұласатынын әлі білмеген еді.

Басында олар мұны анонимді акция деп жоспарлаған. Ол жоспар бойынша, баннерді марафон басталар алдын жаяу өткелде іліп қоймақ болған.

– Бірақ біз ол жерге келгенде марафонды қолдаймыз деп келген көптеген адам жиналып қалғанын көрдік. Олардың қолында плакаттар болды, – дейді Бейбарыс Толымбеков. – Сол сәтте Әсия екеуіміз адамдар баннер ұстап тұрса, біз де сөйте аламыз деп шештік. Оның үстіне біздікінде бейбіт жазу болды. Біз марафонға кедергі келтірген жоқпыз. Шындығында ол акцияға көп адам қатысты. Сотта екеуіміз ғана болғанымызбен, артымызда өзгеріске дайын үлкен толқын тұрды.

Әсия мен Бейбарысты жылдам ұстады. Сот сол күні-ақ өтті. Оларды бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деп 15 тәулікке қамады. Кейінірек марафондағы акцияға қатысқан өзге адамдарға айыппұл салынды.

Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков сот отырысының алдында. Алматы, 2019 жылғы 21 сәуір.
Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбеков сот отырысының алдында. Алматы, 2019 жылғы 21 сәуір.

Бұл оқиға Қазақстанда резонанс тудырды. Түрлі қалада қамалған белсенділерді қолдау акциясы өтті. Олардың кейбірі әкімшілік соттан бір-ақ шықты.

Сол кездегі оқиғаны еске алған Бейбарыс Толымбеков марафондағы арт-наразылық ең жарқын акция болмаса да, онда символизм болғанын айтады.

– Мейлі ол 2019 жылдан бастап 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына дейінгі қысқа аралықты қамтысын, оны азаматтық белсенділіктің оянуының символы деп есептеуге болады. Әсия екеуімізді саясатқа деген ортақ қызығушылық таныстырды: әңгімелестік, идеялар мен көзқарастарды талқыладық. Сөйтіп жүргенде Назарбаев отставкаға кететінін жариялады. Сайлау мерзімінен бұрын өтетіні белгілі болды. Осы кезде алдағы Oyan Qazaqstan қозғалысының (2019 жылы құрылған, саяси реформаларды талап ететін жастар қозғалысы – ред.) алғашқы кездесулері өте бастады. Біз үшін адамдарды билікпен диалог құруға тарту: сұрақ қою, ашықтықты, адам құқығын ұстануды, уәде етілген реформаларды іске асыруды талап ету маңызды болды. Біз өзге ұйымдардан шабыт алдық. Сербиялық "Отпор", польшалық "Солидарность" және Оңтүстік Корея мен Чили секілді елдерді бейбіт жолмен демократияға әкеле білген ұйымдарға ұқсағымыз келді, – дейді Бейбарыс.

Францияда жүрген қазақстандық студенттер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап, акция жасады. Париж, 2019 жылғы 24 сәуір.
Францияда жүрген қазақстандық студенттер Әсия Төлесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдап, акция жасады. Париж, 2019 жылғы 24 сәуір.

Марафондағы акцияға деген Толымбеков танымал адам болмады. Бірақ Әсия Төлесова ол уақытқа дейін-ақ көзге түсіп үлгерген. Ол бірқатар қоғамдық жоба мен бастаманы жүзеге асырды. Оның ішінде тұрғындарға ауа сапасы туралы ақпарат беріп отыратын Almaty Urban Air (AUA) мобильді қосымшасы да бар.

Алты жыл бұрынғы оқиғаларды еске алған Әсия Төлесова Қазақстандағы өзге белсенділерден үлгі алғанын айтады.

– Мені Макс Боқаев (Қазақстандағы 2016 жылғы жер митингілері лидерлерінің бірі – ред. ) қатты шабыттандырды. Өте қарапайым, жүрегі кең оқымысты адам. [Акцияға] шыққанымызда бізге өзгеріс керегін, жемқор жүйеден шаршағанымызды түсіндік. Егер бізді ұстап, сотқа алып кететін болса іске асырамыз деген жоспар болмады. Қорқыныш та болмады. Өз сезіміме сүйендім, – дейді Төлесова.

Бейбарыс Толымбеков әскерге кетіп барады. Алматы, 2019 жылғы 17 мамыр.
Бейбарыс Толымбеков әскерге кетіп барады. Алматы, 2019 жылғы 17 мамыр.

Толымбеков қамаудан босап шыққан соң, көп ұзамай оны әскерге шақырды. Ол Жамбыл облысындағы әскери бөлімде болып, оралған соң азаматтық белсенділік жолына қайта түсті. Оны бейбіт жиындарға қатысқаны үшін екі рет ұстады. Аз уақыт журналистикада жұмыс істеді. Ал 2023 жылы мәслихат сайлауында өзін-өзі ұсынған кандидат Равкат Мұхтаровты қолдайтын науқанға қатысты.

Төлесова бір жылдан кейін, 2020 жылғы маусымда Алматыда өткен, полиция күшпен таратқан бейбіт митингі кезінде тағы да қамауға алынды. Ұстау кезінде Әсия полицейдің қалпағын қағып түсірген. Сот Төлесова билік өкілін "қорлады", полицейге "күш қолданды" деп, оны бір жыл алты айға бостандығын шектеді.

Әсия Төлесова Алматыдағы тергеу изоляторынан шыққан сәт. Алматы, 2020 жылғы 12 тамыз.
Әсия Төлесова Алматыдағы тергеу изоляторынан шыққан сәт. Алматы, 2020 жылғы 12 тамыз.

– Бір жарым жыл бойы полицейлер келіп жүрді. Кешкі уақытта келетін. Түсініктеме жазуға міндеттейтін. Маған достарым, анам қолдау білдірді. Солардың арқасында бұл кезең ауыр тимеді, – дейді белсенді.

2020 жылғы желтоқсанда Әсия Төлесова партия құрғысы келетінін мәлімдеді. Бірақ партия құрылмады.

– Әріптес таңдауда сақтық танытуым қажет еді. Өкінбеймін, сабақ алдым. Түрлі адам, түрлі мүдде бар, – дейді Төлесова.

2023 жылғы ақпанда Әсия мәслихат сайлауына түспек болды. Бірақ құзырлы органдар салық декларациясындағы кемшіліктерге сілтеп, оны үміткер деп тіркемей қойды.

ӘСИЯ МЕН БЕЙБАРЫС ҚАЗІР ҚАЙДА?

Әсия Төлесова бұрынғыша Алматыда тұрады. Қаңтарда ұлды болды.

– Уақыт өтіп бара жатқанын, [белсенділікті] жалғастырмас бұрын жеке өмірімдегі кей жоспарды іске асырып үлгеруім керек болды. Екеуін қатар алып жүретін адамдар бар-ақ. Бірақ бұл менің қолымнан келе қоймайды. Бұрын ана болудың қаншалық ауыр еңбек екенін түсінбеппін, – дейді ол.

Әсия Төлесова. Алматы, 2025 жылғы 22 сәуір.
Әсия Төлесова. Алматы, 2025 жылғы 22 сәуір.

Әсия өзін жастар қатарына қоспайды, бірақ ол жас ұрпақты саясатқа қызықтыру ісімен айналысуды жалғастырғысы келеді.

– Өзім бастап, аяқтай алмаған жобалардың бірі – саяси соттарға назар аудару. Меніңше, қазір оны бақылайтындар көбейген. Бәлкім мен қателесермін, бірақ мен бірлік күшейгенін сеземін. Бұл тұрғыда Қаңтар сананы өзгертті. Көп адам үшін ол ес жиғызар оқиға болды, – дейді белсенді.

Әсияның өзі әлі де саясатты қызықтап тұрады.

– Кейінгі соттарды, Темірланды ("Йоу, орыстар" әнін қолданғаны үшін бостандығы бес жылға шектелген журналист, сатиралық паблик авторы – ред.), Жанар Секербаеваны бақыладым. Оларға алаңдаймын. Репост жасап, донат жолдап отырамын. Бірақ өзіме күш-қайрат жетіспейді. Оралу ойда бар ма десеңіз, қашан және кім ретінде ораларымды білмеймін, бірақ мен ораламын. Мен сұрақты жақсы қоямын. Мен сұрақ қоюдан қорықпаймын. Бәлкім осы жұмысты жалғастырып қалармын, – дейді ол.

Кейінгі жылдары Бейбарыс Толымбеков те көзден таса болғандай. Ол үйленіп, кәсіпті қолға алды: таспаға түсірілген суреттерді өңдеумен айналысады. Бейбарыс та белсенділік жолынан уақытша кеткенін айтады.

– Қазақстанда белсенді болу өте қиын. Осы жылдары біз қысымға тап болды: қамады, телефонымызды бұзып ашты. Полицейлер кеттлинг жасап, құрсауға алды да, аязды күні 7-8 сағат ұстап тұрды. Қылмыстық іс қозғаймыз деп қорқытты, бопсалады. Бұған төтеп беру өте ауыр. Әсіресе мұнымен қатар жұмыс істеп жүрсеңіз, оқысаңыз, өмір сүруге тырысып жүрсеңіз, өте ауыр. Менің кәсібім – бүкіл назарды қажет ететін ауыр жұмыс. 15 күндік бір қамаудың өзі қызметіме қатты әсер етуі мүмкін. Бірақ мен ешқайда жоғалып кеткен жоқпын. Жасым бар-жоғы 26-да, бәрі алда, – дейді ол.

Бейбарыс Толымбеков жұмыс кезінде.
Бейбарыс Толымбеков жұмыс кезінде.

Толымбеков өзінің және үзеңгілестерінің көзқарасы, талабы өзгермегенін, бірақ оларды жүзеге асыру қиындағанын айтады.

– Oyan, Qazaqstan белсенділігіне ықпал еткен жағдайлар бар. Көбі моральдық және физикалық тұрғыда күйіп кетті. Бірақ ұйым тірі. Oyan әлі де наразылықтарға шығып тұрады. Қуанышқа орай, бізде лидер жоқ. Яғни бір адамды қамап қойып, түбімізге жете алмайды. Горизонталды құрылым – біздің артықшылығымыз. Бізді бір соққымен "өшіре" алмайды, – дейді Бейбарыс.

Толымбеков отбасын құрған соң, азаматтық белсенділіктің жаңа деңгейін сезіне бастағанын айтады.

– Өзіңді және жақындарыңды ғана ойлау дұрыс дегенге сендіру оңай. Бірақ бәріміз де бір қайықтамыз. Өкінішке қарай, ол батып барады. Ортақ кемемізді құтқару үшін бірге қимылдап, жемқорлыққа, жосықсыздыққа, авторитаризмге жол бермейтін қоғам құруымыз қажет. Сол кезде ғана біздің балаларымызда бұдан жақсы елде тұру мүмкіндігі болады. Мен тәуелсіз соты бар, нағыз демократиялық институттары бар Қазақстанды құра аламыз дегенге әлі де сенемін. Гүлденген қоғамда өмір сүруге барлық негіз бар. Осындай ресурс пен әлеуетіміз бар бола бұлай өмір сүргеніміз жарамайды. Бұл тарихи келеңсіздік түбі түзеледі.

Мақала орыс тілінен аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG