Қырғызстанда Ресейдің Украинаға қарсы соғысына жалдамалы адам жинау ісі бойынша қамауға алынғандар тергеу изоляторынан үйқамаққа ауыстырылды. Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шешімді Бішкектегі Бірінші мамыр аудандық соты шығарған.
Ресейдің мемлекеттік ТАСС агенттігі барлық төрт күдікті үйқамаққа жіберілді деп хабарласа, Азаттыктың Қырғыз қызметі сотқа сілтеме жасай отырып, қамаудағы төртеудің тек екеуінің — Ош қаласындағы Орыс үйінің қызметкері Наталья Секерина мен ныспысы С.В.Т. деп көрсетілген тағы бір күдіктінің бұлтартпау шарасы өзгертілген деп жазды.
Бұл іс бойынша Ош қалалық әкімшілігінің баспасөз қызметкері Сергей Лапушкин мен ресейлік азамат Виктор Васильев те қамауға алынған еді. Виктор Васильев өзін "саясаттанушымын" әрі "африканистпін" деп атайды, ал журналистік зерттеулер мәліметінше, оның Ресейдің әскери барлау қызметімен (ГРУ) және Евгений Пригожиннің құрылымдарымен байланысы болған.
Бұған дейін ТАСС өз дереккөздеріне сүйеніп, күдіктілерді Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің басшысы Камчыбек Ташиев пен Ресейдің Қырғызстандағы елшісі Сергей Вакуновтың кездесуінен кейін үйқамаққа шығармақ деп жазған болатын. Мұндай кездесу 25 сәуір күні шынымен өткен. Одан кейін жарияланған хабарда ресейлік "Россотрудничество" ұйымының штаттан тыс қызметкерлерінің құқық бұзу іс-әрекеті жазасыз қалмайды, алайда тергеу орындары олардың істеген қылығының заң бойынша ауырлық дәрежесін ескере отырып, ["Россотрудничество" ұйымының] штаттан тыс қызметкері болып істейтін Қырғыз Республикасының азаматтарына қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыруды мүмкін деп тапты" деп жазылған.
Биыл сәуір айының басында Қырғызстанда шетелге жалдамалы адам жинау ісі бойынша төрт адам ұсталғаны белгілі болды. Журналистердің мәліметінше, олардың бірі — Ош қаласындағы Орыс үйінің (ресейлік "Россотрудничество" ұйымының өкілдігі) қызметкері Наталья Секерина. Азаттықтың дерегіне сүйенсек, екіншісі — Ош қаласы әкімшілігі баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин. Бұл іс бойынша және екі адам —ресейлік блогер Виктор Васильев пен аты-жөні жарияланбаған тағы бір адам ұсталды. "Настоящее Время" басылымының хабарлауынша, төртеуі басқа мемлекеттердің қарулы қақтығысына жіберуге жалдамалы адам жинауға қатысы бар деген күдікке ілініп, оларға Қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша айып тағылған.
Бұған дейін "Досье" орталығы Виктор Васильев Ресейдің бас барлау басқармасының (ГРУ) полковнигі Денис Смоляниновтың басшылығымен Украинада жұмыс істеген және Ресеймен ынтымақтастық орнатуға бейіл белсенділерді, соның ішінде неонацистік ортадағы адамдарды жалдауға тырысқан деп хабарлаған еді. Ал The Insider өз зерттеуінде Васильевтің Африкада жұмыс істегенін, атап айтқанда, "Вагнер" жеке меншік жалдамалы әскер тобы Африка құрлығында белсенді іс-қимыл жасаған кезеңде құрылған "Пригожин желісіне" қатысқанын жазған.
- Қырғызстанда бұған дейін бірнеше азамат Ресейдің Украинаға қарсы соғысына жалдамалы жауынгер ретінде қатысты деген айыппен сотталған. Мысалы, 2023 жылдың қаңтар айының ортасында Аскар Кубанычбек уулу ұсталып, сол жылғы мамыр айында 10 жылға бостандығынан айырылған. 2024 жылдың қаңтарында Бішкек соты оның ісін қайта қарап, жаза мерзімін жеті жылға қысқартып, үш жылға пробациялық бақылау тағайындап, оны бостандыққа шығарған. 2025 жылдың сәуір айының аяғында Аскар Кубанычбек уулы Қырғызстаннан Ресейге қашып кеткені белгілі болды.